Алғашқы әсерлер

Америкадағы оқу орным орналасқан қалаға келгендегі ең алғашқы әсерлер қазірдің өзінде көкейімде сайрап тұр. Өзім ұмытшақ болғандықтан, бұны таң қаларлық жағдай деп есептеймін:).

Бірге келген отандастармен қоштасып, әркім өз оқу орнына беттеген кез. Екі қаланың арасы бір сағаттық ұшу болғандықтан ба, кішкентай ғана қораптай ұшақ екен. Айналама бар назарымды салып, барынша бақылау жасап отырмын. Байқаймын, ұшаққа мінгендердің көбісі қарт адамдар. Киім кию үлгілері жиырмасыншы ғасырдың қай кезеңінікі екені белгісіз, дене өлшемдері өте әрқилы жолаушылар келіп отырып жатты. Менің жаным әлі бос болатын, бір кезде ерлі-зайыпты үш ұлымен келіп, жайғаса бастады.

Үш ұлдың екеуі мүгедек екен, Даун синдромы болар деп жобаладым. Жасы он төрт-он бес шамасындағы үлкеніне менің сол жағымнан орын тиді. Ол секілді адамдармен бұрын еш қарым-қатынаста болмағам, бірінші рет көруім. Сапар барысында кейде қатты дыбыстап қалады, аяқ-қолын жинақтай алмайды.

Әртүрлі ойлар басыма келді, мұнда неге келдім деген сұрақтан бастап, бәрін тастап кетіп қалуға деген құлшынысқа дейін. АҚШ-тың біздің елге жеткен имиджі кіле ақшалы, әдемі киінген, дені сап-сау, еш проблемасы жоқ адамдардың еліндей, бүкіл керемет осында екен деген ой қалдырады. Мүмкін өзім де кінәлі болармын, барар жерімді тым идеал ретінде елестеткенім үшін. Және де сол кездегі ойларым өмірімде бірінші рет жалғыз, ешкімнің жетегінсіз, немесе қанатының панасынсыз қалған кездегі психологиялық әсірелеу болған болуы да мүмкін.

Қалама жеткен соң, колледж адамы қарсылап, бір академиялық жыл бойына тұратын үйіме әкелді. Сабақ басталуға әлі бір жұма болғандықтан, тұрғын қыздардың көпшілігі келе қоймаған екен. Бір қыз ғана ертерек келіп, әке-шешесімен бөлмесінде отыр екен, осында екі жыл бойы тұрған, үй ішін аралатып шықты. Әр сөйлем сайын бір нәрсе айтады да, қарқылдап келіп күледі. “Ойпырай, даусын шамалы бәсеңдетсе қайтеді, – деп ойлап қоям, – саңырау емеспіз ғой.”:) Басында бір айдай ол қызды қатты даусы үшін іш тартпай жүрдім, кейін өте жақсы араласып кеттік, көмегін аямай әрқашан әзір тұрады. Кейін көзім жеткендей, даусын шығаратыны бұл жерде өте, өте қалыпты жағдай екен. Менталитет әртүрлілігін байқадым. Бізде артық шу шығармай, етек-жеңді жинап күлу әдептің белгісі болса, бұл жерде барша пейіліңді ашық етіп, барынша даусыңды жарқын шығарып сөйлеген әдептіліктің белгісі саналады. Осыншама ибалы болармын ба :) , келе жатқанда алдымнан танымайтын адам шықса, көзімді тайдырып, басымды төмендеу ұстап өтеді екенмін, бұрын байқамаппын. Бұнда қарама-қарсы нәрсе әдептілік белгісі: басыңды көтеріңкі ұстап, көзіне тіке қарап, езуің құлағыңа жеткенше жымиюың керек. Танысаң да, танымасаң да. Бұл аз дегенде. Ал көп дегенде, сәлеміңді беріп өту де сөкеттік емес. Бастапқыда біртүрлі сезінер ем: танымаған кісіге жымиюды. Қазір екі езуім тартыла кетуге дайын тұрады. Бұнда жымиысқа өте мән береді екен. “Жағымды өзгеріс жасау” (”To make a difference”) сөз тіркесі басты құндылықтардың бірі. Мәні – кез-келген адамға жақсылық жасау арқылы, әлемге жағымды өзгерістер әкелу. Танымайтын адамыңды жымиып тұрып сәлем беру, оның мүмкін жабырқаулы көңліне жылылық беру – соның бастапқы қадамы деп есептейді.

Өзге мәдениетті тану өз мәдениетіңнің құндылығын да өсіреді екен. Ол туралы толығырақ келесі жазбалардан оқисыздар деп ойлаймын. Бүгінге осымен доғарайын. Келесі жазбаларда кездескенше!:)

15 жауаптар

  1. Күшті жазады екенсіз, қаламыңызға нұр жаусын! жаза беріңіз осылай!

  2. Рахмет, Nurik, пікіріңізге. Келіп тұрыңыз деймін сізге:)

  3. Мынандай да блог бар екен ғой..Жарайсың Қарақыз..Жиірек жазып тұр..Американың ішінен бір қазақ қызының көз қарасы, бір үшін әрдайым қызық болады…

    Меніңде блогыма кіріп тұр..

    Елдер жиі кірсін десең, блогыңда жиі жазып тұр..Әр түрлі нәрсені жаза бер..Оқыған кітабың туралы, тамақ туралы, оқу туралы, көрген білгенің бәрін қысқаша жаза бер..

    Ана КВН дегі қазақ ақындары сияқты: “Что вижу, то и пою”..:))

    Ісіңе сәттілік..

  4. Бекжан, блогыңызға жиі кіріп тұрамын, қазақша блогтарды қарасам сізден бастаймын кілең. сіздерден үйреніп бастап жатырмын ғой.:)

    рахмет!

  5. :) Oзiмнiн культуршогым eсiме тусiп кеттi гой :lol: Маган да ол туралы жазуга турткi болып тур :)

  6. Сымбат, жазсаң, қызыға күтемін. Ол да бір маңызды тәжірибе ғой.

  7. Керемет! Блогыңдағы жазбаң өте ұнады. Жиі жиі жазып тұр! Өзімнің де Америкаға алғаш барғандағы сәттерім есіме түсіп кетті :)

  8. urimtal: рахмет жақсы сөзіңізге!
    Көп адамның басынан кешіретін мәдни шогы ғой. Біздің бұл ел туралы хабарсыздығымыз сонша, келген сәтте басқа әлемде жүргендей сезіндім.

  9. Сәлем! Қарақыз сенің шын есімің бе? Маған Мұхтар Мағауиннің “Қарақыз” шығармасы есіме түсіп кетті.

  10. Блогың қызықты екен! Сәттілік тілеймін!

  11. Мақпал: көп рахмет! келіп тұрыңыз.
    п.с. Мағауинді оқымадым, енді іздейтін болдым:).

  12. ote jaksy jazilgan!! :)
    Blog ashkaninz..algashky kadaminiz kutty bolsyn!!!

  13. Bota! kormegeli kop boldy..:) kelip tur!

  14. Түу, сенің бір жазбаң екіншісінен өткен қызықты екен, шынында. Тәптіштеу стилің сауатты, өрнегі, қиюы, колориті – бәрі де жаман емес. Қазақ блогосферасының Әмірикадағы елшісі сен болатын болдың, олай болса!!! Миссияңның жауапкершілігін таразылап қана қоймай, біздерді ақпаратпен толассыз қанықтырып отыруың керектігі де анық мәселе болуы керек деп топшылаймын.

    Қаламың талмасын, елші қарақыз!

  15. Рахмет! Мен оқуымды аяқтап, елге де келіп қойдым, енді алдағы уақытта он айдан кейінгі Қазақстандағы алғашқы әсерлерден жазба болады:)

Жауап қалдырыңыз