Дарханға

Шынын айтар болсақ, бұл айдарды ашу біраз бұрын ойыма келген. Қолым енді жетіп отырғандықтан, бұл ойдың қайдан келіп жеткені, неден шыққаны есімде жоқ екенін мойындай отырып, алғашқы алғысымды білдіріп кетейін.

Осы жазудың (және Алла жазса одан кейінгілердің де) тууына тікелей техникалық қолдау көрсеткен Дархан атты досыма мың да бір алғыс! Алдақашан асарын асап, жасарын жасап қойған ноутбуктің сан түрлі ауруларын емдеп, өмірін талай мәрте ұзартқаны үшін.

“Ұшып кеткен “Windows-ті” қайтадан орнатып, оған қоса программаларымен жабдықтап қана қоймай, ішіндегі бүкіл құжаттарымды аман сақтап қалғаны үшін.

Мониторда жыбыр-жыбыр етіп, бір орында тұрмай жүрген тышқанымды тыныштандырғаны үшін.

Ноутбуктің “уайымшыл” иесіне “психологиялық қолдау” көрсеткені үшін:).

Қайсыбірін айта берейін, ең бастысы, дос бола білгені үшін.

Рахмет!

Қайда жүрсең де жолың болсын.

Көкейімде сайрап тұр, бірақ айтар сөз қайда?

Күні бойы әр  нәрсе еске түсіп, о! блогқа жазып қоятын екен деп ой келеді. Сосын кешкісін, жайланып, сайланып ноутбукті қолтығыма қыстырып бірінші қабатқа түсіп, оқу залына келіп, мейлагенттер мен бестрефераттарды, моймирлер мен тағы да мен білмейтін басқаларды ақтарып отырған қалың студент қауымының арасынан отырарға орын тауып жайғасқан соң, пошта-моштаны тексеріп, жауабын жазып біткен соң ең ақырына уордпресс.комды ашамын. Логин есте сақтаулы, Хауди, қарақыз! деген жазу әзір тұрады. Жарайды кеттік, ойымдағыны тағы бір пысықтап, жаңа жазба деген батырманы басқаннан кейін әлгі манағы сайрап тұрған “керемет” ойларымның ізі де қалмайды. Сап жоқ болады. Жаңа жазба деген жазуды, бос тұрған жазба алаңын көргенде қайдан шыққаны белгісіз, бір фобия пайда болады.

Міне, бүгін де солай. Бағана кешкісін біртүрлілеу conversation болды. Содан шығарған қорытындыларымды “сыр сандықты ақтарып” тұрып жазайын десем, опа. дым жоқ. Содан соң ойға ой келіп, не болса да жазып қоюға бел будым. Қадірлі қонақ, айыпқа бұйырмаңыз. Осылай -осылай “фобияны” жоятын боламыз. ;)

Ал манағы қорытындыға келер болсақ, орыстың бір мақалымен аяқтайын: “Ескі дос жаңа екі достан артық”.

Сендей досым бар болғаны мен үшін бақыт. Тек соны ара-тұра менің есіме жақсылап салып тұру қажет секілді. Кешір.

Сәлем Әлем!!!:)

Көптен бері көрінбей кеткенім үшін қауымнан кешірім өтіне отырып, Жаңа жылдарыңызбен құттықтайтын кез де келіп жеткен секілді. Төмендегі Омар Хайямның жыр жолдарын кеше мұғалімімнің жұмыс үстелінен кездейсоқ көріп, көшіріп алдым. Алдағы жылға, жалпы өмір бойына қағида етіп алуға тұрарлық сияқты:

Друзей не зли и сам не злись
Мы гости в этом бренном мире.
И если что не так, смирись,
Будь умнее – улыбнись.

Холодной думай головой,
Ведь в мире все закономерно.
Зло, излученное тобой
К тебе вернется непременно.

2009 жыл баршаңызға берекелі болсын!

Өзгерістер

“Өмір бір орында тұрмайды”:). Екі ай бұрын үйге қайтуды армандап, туған ауылдың ауасын сағынып жүретін едім, енді АҚШ-тағы өмір көрген түстей көрінеді қазір:)). Ол кезде өмір бойы бірге жүрген жолдастар, туыстар алыста, іштегі ойларымды бөлісерге мүмкіндік аз (е-мейл мен телефон ауызша әңгімеге жетпейді ғой;)). Сондай кездерде солай.де-ні ашып жіберіп, рақаттанып оқып, әңгімеге араласып, елдегі жаңалықтарды ресми емес көздерден естіп отыратынмын. Одан соң қазақша блогтармен таныстым, олар да бір бөлек керемет әлем ғой. Осы блогты бастауға да түрткі болған өз ойыммен бөлісуге деген қажеттілік еді. Қандай керемет, өмірде мүлдем танымайтын адамдармен пікір алмасқан, оқырмандар қызықты (деп сенейін) ақпарат алып, мен іштегі ойларымды босатып, дегендей, екі жақ та риза:).

Қазір, елге келіп, мауқым басылып жатыр. Америкаға кетерде ұйымдастырушылар “кері мәдени шок” туралы айтып өткен. Жай мәдени шоктан екі есе қиын болады деген. Екі есе қиын ба, айта алмаймын, бірақ белгілі бір деңгейде қайтадан үйренуге тура келді. Астанаға келген күннің ертеңіне маршруткаға міндім. Аялдамамнан түскенде басым айналып, жүрегім соғысы жиілеп шықты. Автобустың тар көшемен маневр жасап жүйткігенін көргенде, жүргізушіні Формула-1 сайысына қатыстыру керек екен деген ой келді. Қазір үйреніп кеттім. Бүгін Астана мейрамы тойлануы болғасын ба екен, автобусым ерекше жай жүрді. Бұлай жүрсе, ел барар жеріне кешігетін шығар. Жүйтки бер, тұлпарым!:) Тағы бір байқалған нәрсе – Астананың ауасы шаңды. Өте шаңды. Шамасы, салынып жатқан құрылыстан болар.

Астана мейрамы демекші, сөз арасында айта кетейін, қаламыз әдеміболып келе жатыр. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ал қала тойлауды бастап кетті. Мен кеткеннен бері бірталай ғимараттар, жаңа орындар ашылған. Қала тойы жақсы өтсін деп тілейн.

Қайтадан негізгі әңгімеме көшейін. Бір жылды өзге оқу орнында өткізгендіктен, өз университетімде көп шаруалар бітіру керек болды. Қынжылтқаны – еххх, неткен бюрократия! Сол жұмыстарымды бітірмекші болған екі аптада он ай бойы АҚШ-тың тамағынан жинаған килограммдарымды тастап үлгердім:). Шүкір, жұмыстар соңында таң қаларлықтай тез шешіліп кетті!

Айтып айтпай не керек, осылайша қазір қайтадан “тәрелкеме түсіп” жатқандаймын:). Сөз басында айтпақ болғаным, басында блогым ойларыммен бөлісетін жалғыз жер болса, қазір достарым мен туыстарыммен қайта қауышып, бүкіл таң қалған, таңданған, тамсанған нәрселерді live режимінде бөлісіп жүрмін. Сөйтіп жүріп, блогыма қарауға мүмкіндік (мүмкін – қажеттілік?) азайды. Сол үшін кешірім өтінем:). Енді бұйырса, блогта өзгерістер орын алады. Ол қандай өзгерістер? Блогтың автор үшін атқарар ролі. Енді Қарақыздың күнделігі мен үшін шер тарқатар орыннан гөрі, сізбен, кәдімгі оқырман ретінде қарым қатынас құралы болады:).

Осымен аяқтайын. Көптен жазбадым, оған қоса, орын ауыстыру салдарынан шашыраңқы шыққан постым үшін кешірім өтінем.

Қ.Қ. (қырқып қой):)) блог каникулға кетіп барады. Ауылға, ауылға, ауылға!:)) интернет байланысы қатаң түрде электронды поштаға ғана жеткілікті болады деген болжам жоқ емес. Сондықтан, сізбен алтын күзде, бұйырса, кездесерміз! Сіздерге жақсы демалыс тілеймін!

Оқу жайлы – 2

Алдыңғы жазбадағы Маратхан пікірінде сұрағандықтан, колледждегі бағалау жүйесін сипаттап кетуге бұйырып отыр.
Әрбір пән басында, ең алғашқы сабақтарда профессор студенттердің қолына силлабус таратады. Оның ішінде сабақтың мақсаты, жоспары, бағалау жүйесі, тағы басқа қажетті ақпараттар беріледі. Барлық пән үшін бірдей – максималды бал саны 100 пайыз, яғни “А”. Ал ол пайыз курс бойына берілетін тапсырмаларға үлестіріліп бөлінеді, оны қалай бөлу әр мұғалімнің өз шаруасы. Мысалы, көбіне 100-дің 25-і алғашқы емтиханнан, келесі 25-і екінші емтиханнан, келесі 20-сы жазба жұмысынан немесе жобадан, қалған 30-ы соңғы, барлық курс материалын қамтитын қорытынды емтиханнан алынады. Кей мұғалімдер аз пайыз санын (5-10) сабаққа қатысуына, лекция немесе пікірталасқа араласуына да береді. Осылайша, барлық бағаны профессор өзі қояды. Кластағы максимум қатысушы 25 (оқыңыз – көп емес) болғандықтан, барлығының жазбаларын өзі оқып тексеріп шығады. Біздегідей семинар кезінде сабақ айту деген көп кездеспейді. Лекциялар және емтихандар, курс ерекшелігіне қарай пікірталастар болып тұрады. Бірақ оның бағасы соңында бір-ақ қойылады.
Арнайы мұғалімнен бөлек тексеру ұйымдары жоқ. Емтихандар жазбаша түрде өтеді, онда бірнеше бөлім бар, 4-5 сұрақ, 1-2 эссе, сосын көп жауапты тест сұрақтары. Қамтитын тақырыптарын алдын-ала нақтылап айтып, кез келген уақытта өз офисіне сұрақтарың болса барып сұрауға мүмкіндік береді.
Әр курстың соңында студенттер профессор және пән туралы өз пікірін білдіреді. Ол үшін арнайы бланк бар, қажетті ақпаратты толтырып, (аты-жөніңді көрсетпей), сұрағына жауап беріп, қосымша тағы кемшіліктерін көрсетіп, жазу керек. Ол толтырылған бланктер тікелей деканға барады, содан соң келесі семестрде (пікір білдірілген пән туралы бағалар қойылып болған кезде) профессордың өзіне барады, ол өз кезегінде кемшіліктерін айтқан пікірлермен жұмыс жасап, қорытынды шығарып, курсты жаңадан түзейді. Осылайша, мұғалім студентті ғана емес, студенттер мұғалімді де бағалайды. Нәтижесінде екі жақтың қарым-қатынасы көп жағдайда тең дәрежеде.